Павлодарда аула аралау жұмыстары қайта жанданады

17 Ақпан 2022, 19:06
1750
Бөлісу:
Павлодарда аула аралау жұмыстары қайта жанданады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде баралардың назардан тыс қалып қоймауы мақсатында «Менің аулам» жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл іске пәтер иелерінің кооперативтері, полиция қызметкерлері мен білім беру саласының мамандары атсалыспақ.

Өңірде өткен жылы қиын өмірлік жағдайға тап болған 1800-ден астам отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілген. Оған қоса, мемлекеттік мекемелердің қолдауынан таса қалған 236 жанұя анықталды. Сала мамандарының айтуынша, бұл білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметтерінің бірікпей жұмыс істемейтінін көрсетті.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, аула аралау жұмыстары соңғы уақытта кенже қалып қойған. 

Әр мектепті бұрынғыдай микроучаске бойынша бойынша бөлуді жандандырмақпыз. Енді ПИК қызметкерлерімен бірге өзекті ақпарат жинайтын боламыз. Бұл жұмысты автоматтандыру керек. Адами фактор салдарынан олқылықтар болмауы тиіс. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктірсек, салалардағы мәселелер болмайды. Сонда назарсыз қалған отбасылар мен балалар мәселесі болмауы мүмкін, - дейді Дінислам Болатханұлы. 

Айта кетейік, облыста әлеуметтік және денсаулық сақтау оргындарының жұмысында өзгерістер енгізілмек. Екібастұздағы пәтерлердің бірінен табылған төрт балаға қатысты жантүршігерлік оқиғадан соң дәрігерлер мен әлеуметтік қызметшілердің халықпен өзара әрекеттестігіне басымдық берілмек.

Мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалған балаларды анықтау мақсатында былтыр патронажды медбикелер қызметі іске қосылды. Оларға көмекке зәру азаматтарды анықтау міндеттелген. Бірақ, салада кадр жетіспеушілігі бар. Сондықтан, патронажды жүйені барынша дамыту мақсаты көзделген. 

 

Өзгелердің жаңалығы