Павлодарда әлі 20 шақты тұрғын үйдің жылу желісінде ақау бар

12 Қаңтар 2021, 00:20
1183
Бөлісу:
Павлодарда әлі 20 шақты тұрғын үйдің жылу желісінде ақау бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жылыту маусымы басталғаннан бері жылу желілерінде 14 зақым анықталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бүгін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың қатысуымен онлайн режимінде жылыту маусымын өткізу бойынша комиссия отырысы өтті.

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямның айтуынша, «Павлодар жылу желілері» ЖШС 12 ақауды жойып, жылу желілерін қалпына келтірген. Ал Жеңіс алаңы және Ак. Марғұлан көшесіндегі аумақ әлі қалпына келтірілмеген.

Жалпы жылыту маусымы бойынша алғашқы апат ЖЭО-1-де 2020 жылдың 29 қарашасында жылу желілері аумағында орын алды. Осыған байланысты ЖЭО-2 және ЖЭО-3-мен шұғыл қайта қосу жүргізілді. Барлық жұмыстар аяқталды. Бірақ жылудың тиісті деңгейде жетпей жатқаны бойынша фактілер болды. Сондықтан тұрғын үй инспекциялары, жылу желілері және ТКШ бөлімі штаттық режимде жұмыс істеді. Әрбір өтініш пысықталды, - деді Ержан Иманслям.
Шаһар басшысының айтуынша, бүгінгі күні 109 тәулік бойы қызмет нөміріне 1600-ден астам қоңырау келіп түскен. Сондай-ақ, әкімдіктің Instagram аккаунты және басқа да әлеуметтік желілердегі жылу бойынша өтініштер бақылауда болған.
1300-ден астам хабарламаны қаламыздың тұрғындары мекенжайларын көрсете отырып жазды. Олардың мекенжайлары назарға алынып, жұмыстар мен тексеру жүргізілді. Жалпы, жылу мәселесі бар 149 үй анықталды. Ақаулар жойылды. Бүгінгі таңда осы үйлердің ішінде 17 үй қалды. Онда температура параметрлері реттеу сатысында, - дейді қала әкімі.

Ол сондай-ақ жылу желілерінің тозығы жеткендіктен температураның төмендеуі кезінде ақаулар орын алғанын атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындардың өздері дайын емес үйлер бар екенін алға тартты. Кейбір үйлерде терезе дұрыс жабылмағандықтан қабырғалар қатып қалған. Ал батареялар ыстық.

Апаттық топтар жедел және мобильді түрде жұмыс жасады. Бірақ күрделі эпидемиологиялық кезеңде мұндай мәселелердің туындауы көптеген сұрақтар туғызады. Қазір біз жылу беру маусымында ресурстарды барынша жұмылдыруымыз керек. Бір апта ішінде барлық нақты себептерді анықтап, ағымдағы жылыту маусымының өтуіне қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуіміз керек. ЖЭО-1, Қазақстан алюминийі, Павлодарэнерго, жылу желілері басшыларынан ортақ игілік үшін, біздің қаламыздың мүддесі үшін ынтымақтастықта жұмыс істеуді сұраймын, - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Өзгелердің жаңалығы