Павлодар тұрғыны мобильді қосымшадағы интернет дүкен арқылы қайық моторын сатып алу үшін төлем жүргізіп, алданып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Жергілікті тұрғын мобильді қосымша арқылы жеке кәсіпкер М.-дан қайық моторын сатып алмақшы болған. Ол үшін банктен әрқайсысы 650 000 теңгеден, жалпы сомасы 1 300 000 теңге екі несие ресімдегені анықталды. Төлемді QR код-ты пайдалану арқылы жүргізіп, сатушының банктік шотына 1 300 000 теңге жіберген.
Алайда аталған тауар тұтынушыға жетпеген. Бұдан соң азамат М. жеке кәсіпкерлігіне қатысты сотқа арыз түсірді. Сот алғашқы сатыдан-ақ оны қолдап, 1,3 млн теңгені өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бірақ кәсіпкер бұл шешіммен келіспейтінін білдіріп, сотқа талап арыз түсірді. Оның айтуынша, интернет дүкенін өзге тұлғаға жалға берген, ал ол өз кезегінде алаяқтықпен айналысып талап қоюшыға жоқ тауарды сатқан. Интернет-дүкенді басқа тұлғаға жалға беру, оның ішінде банктік шотты пайдалану мүмкіндігі және осы тұлға жасаған заңсыз әрекеттер туралы шағымның дәлелдері тиісінше жасалған сатып алу-сату мәмілесі бойынша жауапкерді талап қоюшының алдындағы міндеттемелерді орындаудан босату үшін негіз бола алмайды. Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды, – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Азаматтық кодекстің 440-бабына сәйкес, алдын ала төленетiн ақы сомасын алған сатушы өзiнiң тауар беру жөнiндегi мiндетiн белгiленген мерзiмде (АК 409-бабы) орындамаған жағдайларда сатып алушы одан ақы төленген тауарды берудi немесе сатушы бермеген тауар үшiн алдын ала төленген ақы сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Қаулы заңды күшіне енді.