Павлодарда әкесі ұрған 6 жасар қыздың жағдайы белгілі болды

21 Тамыз 2024, 10:34
1110
Бөлісу:
Павлодарда әкесі ұрған 6 жасар қыздың жағдайы белгілі болды
Фото: BAQ.KZ -архив

Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин алты жасар қызын ұрған әкенің ісіне қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қуаныш Қыдыралин бұл жағдай оған ауыр тигенін Instagram-дағы парақшасында жазды.

Кішкентай қыздардың әкесі ретінде маған әкесінің қызын ұрғаны жайлы оқиға ауыр тиді. Прокуратура өкілдерімен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, видеодағы кішкентай кейіпкер тұратын пәтерді бірнеше рет араладық. Нәтижесінде полиция қызметкерлері қорғаныс нұсқамасын берді, бала әжесімен бірге тұрып жатыр, - деп жазды Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.

Оның сөзінше, қызға «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары берілген. Қазір мектеп психологы қызбен жұмыс істеп жатыр.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді. Қарау қорытындысы бойынша әкесі полиция органдарының, мектептің және қамқоршылық органдарының бақылауына алынды. Бұл сұрақ бір айдан кейін комиссияда қайта қаралады. Егер әкеде проблемалар байқалса, онда баланы әкеден шектеу мәселесін қарастырамыз, - деп айтты Қыдыралин.

Бұған дейін Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкенева 27 шілдеде ер адамның кішкентай қыздың басынан қолымен және ұялы телефонымен ұрғанын хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы