Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Студенттер мұнда тұру үшін айына 8 мың теңгеден төлейді. Әлбетте, бұл пәтерді жалға алудан әлдеқайда арзан, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мақсат Нығмановтың айтуынша, дәліз үлгісіндегі жаңа жатақхана 176 төсек-орынға есептелген.
Әр бөлмеде екі студенттен тұрады. Онда кереуеттер, шкафтар мен төсек жабдықтары бар. Студенттер үйінің тұрғындары тағамды жақсы жабдықталған ас үйде дайындайды. Сондай-ақ, әрбір қабатта кір жуғыш машинасы мен кептіргіш аппараты орналасқан кір жуатын орын бар. Жатақхана дәліздері бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.
«Бұрын мұнда «Автомобилист» қонақ үйі орналасқан. Бұдан кейін ғимаратты инвестор сатып алып, өз қаражатына қайта жөндеу жүргізді және жиһаздар, құрал-жабдықтар сатып алған. Инвестор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы бойынша үшінші бастаманы – «студенттерге арналған жатақханалар салуды» іске асыру аясында ұсынылған әрбір төсек орны үшін ҚР БҒМ қаржы орталығынан жылына 47 АЕК алады. Оған қоса, студенттер жылына жатақханада тұрғаны үшін төлейтін 80 мың теңге де инвесторға түседі. Сондықтан, бизнеске жатақхана салу мен қайта құру тиімді», - деді Мақсат Нығманов.
Проректор студенттер үйі 1 қыркүйектен бастап жұмыс істейтінін атап өтті. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде 475, 325 және 176 орынға арналған үш жатақхана бар. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ЖОО үшін Лермонтов көшесі 191 мекенжайы бойынша 550 орындық жатақхана салынуда. Студенттердің баспанаға қажеттілігі 700 орынды құрайды.