Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Павлодар тұрғыны сақтандыру компаниясынан 13 млн теңгеден астам өтемақы өндіріп алды

16 Сәуір 2025, 22:23
915
Бөлісу:
 Архив
Фото: Архив

Павлодарлық тұрғын жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру төлемін талап етіп, сот арқылы 13 миллион теңгеден астам өтемақыны өндіруге қол жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға ер адамның автокөлігін сақтандыру келісімшартына қол қойғаннан кейін бір ай өткенде орын алған. Сақтандыру компаниясына өтініш түсіргенімен, төлем жасаудан бас тартқан. Компания өз шешімін жеке кәсіпкердің берген қорытындысына сүйеніп, оқиғаны жалған сақтандыру жағдайы ретінде бағалаумен түсіндірді.

Азамат сақтандыру ұйымының әрекетін заңсыз деп танып, төлемді өндіру үшін сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы сот сараптама тағайындап, автокөлікке келген зақым нақты жол-көлік оқиғасының салдарынан болуы мүмкін екенін анықтады. Осы негізде талап толық көлемде қанағаттандырылды.

Сақтандыру компаниясы шешімге апелляциялық шағым түсірді. Алайда Павлодар облыстық соты бірінші сатыдағы шешімді күшінде қалдырды.

Сараптама қорытындысы іс материалдарына, куәгерлердің айғақтарына және әкімшілік іс деректеріне сәйкес келеді. Автокөлік оқиға орнынан полиция қызметкерлерінің қатысуымен уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені расталды. Сақтандыру компаниясы өзінің уәждерін дәлелдейтін нақты дәйектер ұсынған жоқ, - делінген сот хабарламасында.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы