Павлодар қаласында әлеуметтік нысандардың барлығына жылу берілді

25 Қыркүйек 2024, 15:43
425
Бөлісу:
Павлодар қаласында әлеуметтік нысандардың барлығына жылу берілді
Фото: Артём Чурсинов -архив

Ал облыс орталығындағы 1300-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің 984-і жылу жүйелеріне қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ  тілшісі.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнарбек Амановтың айтуынша,  қазан айына дейін тұрғын үйлер толық жылумен қамтылады. Әзірге саяжай, Химқалашық, Екінші Павлодар, Шығыс шағын аудандарының тұрғындары жылусыз отыр. Бұл ықшам аудандардағы баспаналар жылуға кезең-кезеңмен, бекітілген кестеге байланысты қосылады. Бір күнде жүзден астам көпқабатты үй жылытылып жатыр.

Облыс орталығында жол картасы шеңберінде орамішілік желілерді реконтрукциялау жұмыстары басталған. Былтыр шамамен 11 шақырым жөндеуден өтсе, келесі жылы тағы 19 шақырымдық инфрақұрылым қалыпқа келтіріледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алдық. Сонымен қатар алты шақырымдық негізгі құбырды реконструкциялау жоспарланған. Осы жазда энергия таратушы ұйыммен бірлесіп жылу магистралінін ауыстырып, құбырдың диаметрін ұлғайттық. Өткен демалыс күндері нысан гидравликалық сынақтан сәтті өтіп, тұтынушыларға қосылды. Бірде бір ақау анықталған жоқ. Жаңа нысан 250 тұтынушының игілігіне жарамақ, - дейді Әнуарбек Аманов.

Айта кетейік, облыс орталығындағы коммуналдық желілердің 92%-ы тозған. Жаңа жылу магистралі қосылғалы көрсеткіш 90%-ға азаяды.

Мамандардың айтуынша, жылу маусымына дайындық кезінде проблемалы көпқабатты үйлер анықталады. Олардың коммуникацияларын ретке келтіру шаралары көбінесе басқару формасы анықталмаған нысандарда жүргізіледі. Бұл тізімде 194 баспана болған.

Өзгелердің жаңалығы