Облыс орталығының іргесінде «Достық» шағын ауданы бой көтеруде. Бүгінгі күнге дейін 431 пәтер, яғни, алты көпқабатты үй қолданысқа берілген, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа шағын ауданның алғашқы кезегі 2023 жылға дейін аяқталады. Алдағы уақытта 11 нысанның құрылысы және инженерлік коммуникациялық желілер тартылады.
Облыс әкімінің орынбасары Олег Круктің хабарлауынша, соңғы жеті жыл ішінде облыста 2,1 млн шаршы метр пайдалануға берілді.
Халық игілігіне берілген пәтерлердің 60%-ы Павлодар қаласына тиесілі болса, қалғаны Екібастұз, Ақсу шаһарлары мен аудандарда салынған. Облыс орталығынан баспана алғысы келетіндер көп. Десе де, Павлодардағы тұрғын үй құрылысына қатысты шектеу факторлары бар. Мәселен, өндірістік кәсіпорындардың шекаралары, жылу желілерін тартудың қымбатшылығы, Ертіс өзені мен оның аумағы сияқты мәселелер бар. Нысандарды газбен қамту болмағандықтан, бұл де кедергі келтіруші факторға жатады. Мысалы, еліміздің оңтүстік өңірлерінде газ тарту жағы оң жолға қойылған, ал жылу желілерін тарту 35 есе қымбат, - дейді Олег Крук.
«Достық» шағын ауданының аумағы 9,5 мың шаршы шақырым. 16 мың халық тұрады деп жоспарланып отыр.
Мөлтек ауданның тұрғындары үшін әлеуметтік нысандар желісін салу да қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, 2000 орынға арналған екі мектеп, 600 орындық екі балабақша, 180 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жедел-жәрдем станциясы салынады.
Жалпы, 2025 жылға қарай өңірде 530 мың шаршы метр қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жастар», «Затон», «Мәшһүр Жүсіп» шағын аудандарын салу жоспарда бар.