Нашақорлық бүгінгі таңда адам денсаулығына және болашақ ұрпаққа қауіп төндіретін қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Халықты нашақорлықтың зияны туралы хабардар ету мақсатында полицейлер тұрақты түрде түрлі профилактикалық іс-шараларды өткізеді. Павлодар қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері жастар бастамаларын дамыту орталығының, сондай-ақ “Жастар рухы” еріктілерімен бірлесіп, халық пен жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты сана орнату мақсатында бояу құйылған аэрозоль құтыларын алып, 100-ден астам жарнамалық граффити жазбалардың көзін жойды.
Сондай-ақ іс-шара барысында қоғамдық орындарда жадынамалар таратылып, тыйым салынған заттарды, оның ішінде синтетикалық есірткілерді тұтыну мен таратуға қатысты жауапкершілік, олардың денсаулыққа тигізетін зардаптары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардың назарын салауатты өмір салтын сақтауға, дұрыс жолды таңдауға және жаман әдеттерден бас тартуға аударуға бағытталған нашақорлықтың алдын алуға бағытталған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өткізілетін болады, – деді Павлодар қалалық ПБ ЖПҚБ бастығы Мақсат Сарин.
Естеріңізге салайық, есірткі заттарды заңсыз өткізу туралы граффити суреттерін салу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-бабы (Есірткі заттарды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Баптың санкциясында 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.