Ертіс өңірінің жолдары қысқы режимге көшірілді. Жауапты кәсіпорындар қар тазалау техникаларын дайындап, жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда облыс жолдарында қар жиі басып қалатын 88 учаске бар. Ұзындығы 117 шақырымға жетеді. Бұл аумақ жол қызметі мамандарының жіті бақылауында. Әсіресе, «Ленин-Ертіс-Русская Поляна» бағытындағы жол қауіпті деп есептеледі.
«Жолдағы қауіпсіздік пен тазалықты сақтау мақсатында материалдар әзірленді. Көктайғаққа қарсы реагенттің 195 тоннасы, құмның 13,5 мың тоннасы, 3,5 мың тонна техникалық тұз бар. Сонымен қатар, қардан қорғау тақталар мен уақытша жол белгілері дайын тұр. Қыс мезгілінде жолдарды күтіп-ұстау үшін 80-ге жуық қысқы техника бар. Қосымша қажет болса, 24 техника құралын жалға алу мүмкіндігі қарастырылған», - дейді «Қаз АвтоЖол» облыстық филиалының бас инженері Қанат Әміров.
Павлодар облысының аумағындағы республикалық жолдардың ұзындығы 1426 шақырымды құрайды. Аязды күндері жолаушылар жолда қалып қойған жағдайда жылыту пункттері ашылады. Бүгінде сыйымдылығы 200 адамға жететін 10 орын бар.
Жол қызметінің мамандары қар құрсауында қалып қоятын учаскелерге 240 арнайы белгі орнатып үлгерді. Айта кетейік, өткен жылы бірде бір жылыту пункті жұмыс істеген жоқ. Себебі, ауа райы қолайлы болған. Десе де, әрдайым дайын тұруы шарт.