Павлодар облысының Түркия және Италиямен сыртқы сауда айналымы екі есеге артқан

31 Желтоқсан 2021, 14:08
1143
Бөлісу:
Павлодар облысының Түркия және Италиямен сыртқы сауда айналымы екі есеге артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға артты. Өнеркәсіп кәсіпорындары 2,45 трлн теңгенің өнімін шығарды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша,  оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде көлем 2,4%-ға өсті.

Оң серпін мына салаларда өндіріс көлемінің өсуімен қамтамасыз етілді: машина жасау (130,4%), химия өнеркәсібі (136,7%), мұнай өңдеу (107,4%), фармацевтика (126%), қағаз және қағаз өнімдерін өндіру (121,9%), тамақ өнімдері (108%), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру (121,6%), жиһаз өндіру (101,8%). 2021 жылғы қаңтар-қарашада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 483,7 млрд теңгені құрады, - дейді басқармада.

Сондай-ақ Павлодар облысында сыртқы сауда айналымындағы көрсеткіштер қуантады.

Биылғы жылғы қаңтар-қазандағы алдын ала деректер бойынша сыртқы сауда айналымының көлемі 3,7 млрд долларды құраған, бұл 2020 жылғы қаңтар-қазанға қарағанда 15,7%-ға артық. Жалпы құны 2,8 млрд долларға жуық тауарлар экспортқа жіберліген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Сондай-ақ 892,2 млн долларға өнім импортталды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14,5%-ға жоғары.

2021 жылғы қаңтар-қазан қорытындылары бойынша өңірдің негізгі сауда әріптестері бойынша өзара сауда көрсеткіштерінің өсу серпіні байқалады.

Осылайша, Түркиямен, Италиямен сыртқы сауда айналымы екі есе, Жапониямен және АҚШ-пен - 1,8 есе, Өзбекстанмен 2,4 есеге өсті.  Экспорттық жеткізілімдердің өсуі металлургияда - 1,5 есе, химия саласында - 1,2 есе, азық-түлік - 1,2 есе байқалады, - деп толықтырды басқармада. 

Сондай-ақ импорт көлемі 14,5%-ға, оның ішінде металлургия өнімдері мен олардан жасалған бұйымдар 1,4 есе (темір мен болаттан жасалған жартылай фабрикаттар, темір шыбықтар бойынша көрсеткіш ұлғайды), машина жасау 3,7%-ға (минералды қазбаларды ұсақтауға арналған жабдықтардың бір бөлігі), құрылыс материалдары 1,2 есе (отқа төзімді кірпіштер) өсті.

 

Өзгелердің жаңалығы