Павлодар облысының мемлекеттік мекемелеріне жыл басынан бері халықтан 61 мың өтініш келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Олардың жартысы жергілікті атқарушы билік өкілдеріне бағытталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға артық.
Облыс әкімдігі аппаратының басшысы Дидар Ибраевтың айтуынша, өңір халқының белсенділігі бәсеңсімеген.
Павлодарлықтан өтініштерін жіберуде заманауи электронды жүйелердің көмегіне жүгінеді. Олар бірыңғай ақпараттық жүйе бойынша келіп түседі. Сұрақтардың 38%-ы тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуге қатысты болып шықты. 30%-ы әлеуметтік қамту, еңбек қатынастары, денсаулық сақтау салаларына тиесілі. Ал 13%-ы білім беру, 11%-ы жерді пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде өрбіген. Биыл білім беру, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына қатысты өтініштер саны көбейген. Мемлекеттік органдар тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің жартысын оң шешті. Қалғаны бойынша түсіндіру шаралары өткізілді, - дейді Дидар Ибраев.
Халықты алаңдатқан проблемалар бойынша өтініштер билік өкілдері мен мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілеріне де көптеп түсуде. Олардың әрқайсысы қаралады. Атқарушы билік өкілдерінің азаматтарды қабылдау шаралары да жоғары сұранысқа ие.
Әлеуметтік желілерге түскен 18 мыңға жуық сұрақтың шамамен 14 мыңы оң шешімін тапқан. Олардың басым бөлігі жедел түрде шешуді талап етеді, - дейді Дидар Ибраев.
Айта кетейік, өткен жылы елімізде азаматтардың өтініштерімен жүргізілетін жұмысты бағалаудың жаңа жүйесін енгізді. Пилоттық жоба аясында жергілікті мемлекеттік органдар ашықтың индексі бойынша Ертіс өңірі көш басында.