Ертіс өңірінің кәсіпорындарында жыл басынан бері 44 қайғылы оқиға тіркеліп, 46 адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Облыстық еңбек басқармасы мамандарының мәліметінше, жарты жыл ішінде 29 адам жұмыс орнында ауыр жарақат алса, 2 жұмысшы көз жұмды.
Қайғылы оқиғалардың болуына зардап шеккендердің еңбек қауіпсіздігін сақтамауы, өндіріс үрдісінің дұрыс ұйымдастырылмауы, ережелердің бұзылуы себеп. Өңірде 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде кәсіпорындарды әлеуметтік қамтамасыз ету қауымдастығының «Vision Zero» ақпараттық бағдарламасына қосу көзделген. Осы күнге дейін 30 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану» концепциясын енгізіп үлгерді. Ал 200-ге жуық ұйым еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша халықаралық стандарт бойынша жұмыс істеп жатыр, - дейді облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов.
Облыстағы өнеркәсіп нысандарындағы жарақаттарды болдырмау және еңбек қауіпсіздігін бақылау бойынша 881 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар, 21 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілген. Оның құрамындағы азаматтар кәсіорындардағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуын бақылайды.
Мамандардың айтуынша, оқыс оқиғалардың басым бөлігі тау-металлургия саласында орын алады. Биыл 13 жағдай тіркелді. Энергетика, құрылыс, мұнай-химия салаларында да зардап шеккен азаматтар баршылық.