Павлодар облысының әкімі Екібастұздағы жылу беру маусымын тексерді

12 Қараша 2023, 20:49
635
Бөлісу:
Павлодар облысының әкімі Екібастұздағы жылу беру маусымын тексерді
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Павлодар облысының әкімі Екібастұздағы бірнеше тұрғын үйге барып, беріліп жатқан жылу параметрлерін тексеріп, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайты жазды.

Әуезов көшесі, 79 мекен жайы бойынша орналасқан тұрғын үйде бірнеше жыл ПИК болмаған және жылу жеткіліксіз болды. Биыл тұрғындар жаңа қызмет көрсету ұйымын таңдап, мақсатты қаражат жинап, үй ішіндегі жылу және сумен жабдықтау, кәріз жүйелеріне айтарлықтай жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал, келесі жылы шатырды жаңартуды жоспарлап отыр. Кеншілер көшесі, 93 үйінің тұрғындары да өз үйлерінің мәселелерін шешуде. Тұрғындардың айтуынша, қазір үйлері жылы, жекелеген жылу желілерінде туындайтын ақауларға қажетті шаралар қабылдануда.

Одан кейін Асайын Байханов қаланың жылумен жабдықтау жүйесін ретке келтіруге және бірнеше шағын ауданның гидравликалық параметрлерін жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа ЖМ-7/1 қосымша жылу магистралінің құрылысын тексерді. Қазір ол жерде құбыр төселетін жерді қазу, монолиттерді, жылу камераларын орнату және монтаждау, гидрооқшаулау, компенсаторларды орнату және т.б. жүзеге асырылуда. 12 км техникалық су құбырының 7,5 км-ден астамы төселді. Нысанды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Құрылыс нысандарын тексергеннен кейін Асайын Байханов жедел штаб отырысын өткізді. Отырыс басталғанға дейін облыс әкімі Мемлекет басшысының атынан «Ерен еңбегі үшін» медалін «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкері Сергей Угаркинге табыстады, өйткені, ол республика күніне арналған салтанатты жиналысқа қатыса алмаған болатын. Өңір басшысы Сергей Николаевичке еңбегі үшін алғыс айтып, мемлекеттік наградамен құттықтады.

Сондай-ақ, Асайын Байханов Екібастұздың қала құраушы кәсіпорындарының жөндеу бригадаларының қосқан елеулі үлесін атап өтті. Олар ТЖ кезінде күндіз-түні қаланы жылыту үшін аянбай еңбек етті. Осындай сәттердің бірін павлодарлық суретші Светлана Кравченко салды. Сурет сюжет бойынша аймақ басшысының әлеуметтік желідегі парақшасындағы бейнеден алынған. Бүгін Асайын Байханов картинаны суретшіден сатып алып суретте бейнеленген «Средазэнергомонтаж Павлодар» ЖШС слесарі - Әли Мамедовқа тапсырды.

Осыдан кейін облыс әкімі жедел штаб отырысын жалғастырып, станцияның жұмысы туралы баяндаманы тыңдады. Екібастұз ЖЭО 10 қазандық агрегаттың 4-і істеп тұр, екеуі резервте. Қалған 4 қазандықты жөндеу жұмыстары 80%-ға орындалды, жұмыстарды толықтай қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Екібастұз әкімінің мәліметінше өңір басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй инспекциясының мамандары жылу желілерінің қызметкерлерімен бірлесіп тұрғындардан шағымдар түскен 20 көпқабатты үйде тиісті жұмыстар жүргізді. Әрбір жағдай жеке-жеке талданып, қажетті техникалық шешімдер қабылданды, бұл осы үйлердегі гидравликалық режимді жақсартуға мүмкіндік берді.

Асайын Байханов жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Екібастұз тұрғындары жазатын өтініштер санының бірнеше есе азайғанын атап өтіп, қызмет көрсететін ұйымдары жоқ 182 үйге ерекше назар аударып, осы тәжірибені жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Асайын Байханов тұрғындардың ортақ мүлкін сақтауды қамтамасыз ету және үйішілік инженерлік коммуникацияларды уақтылы жөндеуді қамтамасыз ету үшін басқару нысандарының бірін таңдау бойынша осы үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы