Павлодар облысында жылыту маусымына дайындық қалай

22 Мамыр 2024, 16:05
461
Бөлісу:
Павлодар облысында жылыту маусымына дайындық қалай
Фото: автордан

Павлодар облысында алдағы жылыту маусымына дайындық қызу. Биыл өңірдегі энергия көздерінде негізгі 31 жабдықты жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, қазір екі жабдық жөнделді.

Жөндеуге жатқызылған жабдықтардың қатарында 8 блок, 14 қазандық, 7 турбина және 2 түтін құбыры бар. Жөндеу жұмыстарының барлығы кестеге сай жүріп жатыр. Коммуналдық желілерге келсек, дайындық кезеңінде 2000 шақырымнан астам электр, 33 шақырымнан астам жылу және 40 шақырымнан астам су тарату желілері жөнделеді. Сонымен қатар жылу тарату кезеңіне мыңнан астам әлеуметтік нысан мен үш мыңға жуық көпқабатты үй дайындалады, - дейді Ержан Иманзаипов.

Өткен кезеңде жылумен қамтуға қатысты тіркелген коммуналдық ақаулар саны 25%-ға азайған. Бұл ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесі болғанымен, өңірдегі коммуналдық жүйенің тозу деңгейі жоғары. Сондықтан дайындық шараларының сапасы мен орындалу мерзімі жауапты органдардың жіті бақылауында болады.

Ақсу және Екібастұз қаласында инфрақұрылымның тозу деңгейі 80%-дан асады. Ал Павлодар қаласындағы көрсеткіш – 86% деңгейінде. Сондықтан жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. Қыркүйек айына дейін әлеуметтік нысандардың барлығы көмірмен қамтылады. Сонымен қатар жазда гидравликалық сынақтар өткізіледі. Оның нәтижесінде анықталған олқылықтар дер кезінде жойылады, - дейді мамандар.

Айта кетейік, аяқталған жылыту маусымында халық тарапынан 2600-ден астам шағым түскен. Олардың ішінде расталмаған шағымдар да тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы