Павлодар облысында жылқы саны өсіп келеді

8 Қазан 2022, 13:08
2952
Бөлісу:
Павлодар облысында жылқы саны өсіп келеді

Павлодардағы Торайғыров университетінде екі жылдан бері дәстүрге айналған Халықаралық жылқытанушылар жиыны өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Табынды жылқы шаруашылығындағы селекциялық-асылдандыру процесін басқарудың тиімді әдістері» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстан, Қырғызстан және Ресей ғалымдары қатысты.

Жиында арнайы сөз сөйлеген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Утешов өңірде соңғы жылдары жылқы санының артып келе жатқанына, ол үшін әкімдік тарапынан азын-аулақ болса да көмек бар екенін атап өтті.

Биылғы 1 қазандағы дерек бойынша облыста 241 мың жылқы бар. Жылқы етін экспорттау 2021 жылы 20 мың тоннадан асты, ал қымыз өндірісі 770 тоннадан асып отыр. 2022 жылы облыста 12 мыңға жуық асыл тұқымды жылқы бары анықталып отыр. Бұл істі дамытып, жолға қоюға облыс аудандары белсенділік танытып келеді – деді облыс әкімінің орынбасары.

Павлодар облысы Жылқы өсірушілер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шарада жылқытанушы ғалымдар қазақтың ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығын дамытудың, оны насихаттаудың, селекция жасаудың тиімді жолдарын ұсынды.

Жиын соңы облыстық атшабарда ұйымдастырылған ет-сүт бағытындағы Республикалық жылқы көрмесіне ұласып, Павлодар облысы аудандарынан келген командалар арасындағы көкпармен түйінделді.

Өзгелердің жаңалығы