Ертіс өңірінде жеке тұрғын үй құрылысына 200 жер учаскесі бөлінген. Халық тарапынан өтініштер көп, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Мамандардың мәліметінше, бүгінгі таңда жеке тұрғын үй құрылысының есебіне 55 мыңнан астам өтініш тіркелген.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, баспана салуға арналған жерлер бойынша өтініштер арнайы есепке алынады.
Өтініштер бос аумақтар болған кезде немесе құрылыс алаңдарының дайын болуына қарай қанағаттандырылады. Кезекке қатысты ақпарат жергілікті атқарушы органдардың ресурстарында қолжетімді. Бұл ретте жер учаскелерін атқарушы органдар бірінші кезекте кезектілікті сақтай отырып, арнайы есепте тұрған азаматтарға беруге тиіс. Жеке тұрғын үй нысандарын салу тек су және электр энергиясының желілерімен қамтылған аумақтарда ғана жүргізіледі. Ал орталықтандырылған су жүйесі жоқ ауылдық елді мекендерде учаскелер электр желілері бар алаңдарда бөлінеді. Жерлер қалалардың бас жоспарына сәйкес дайындалуы тиіс, - дейді Мұрат Хамитов.
Айта кетейік, өңірде арнайы есеп Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары, Баянауыл және Павлодар аудандары бойынша жүргізіледі.
Кезекте тұрғандардың басым бөлігі Павлодар қаласына тиесілі. Бүгінгі таңда 35 мыңнан астам жер учаскесін алуға өтініш білдірген. Облыс орталығына жақын ауылдарда да кезекшілік пайда болды. Жергілікті атқарушы органдар жер беру жұмыстарын бекітілген жоспарға сай жүргізеді. Ал аудандар бойынша Баянауыл көш бастап тұр. Қазіргі уақытта үш мыңнан астам азамат баспана салуға ниет білдіріп, өтініш қалдырған, - дейді басқарма басшысы.