Павлодар облысында жедел әрекет ету орталығы ашылды

12 Сәуір 2020, 19:43
1605
Бөлісу:
Павлодар облысында жедел әрекет ету орталығы ашылды

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде карантиндік режимге орай жедел әрекет ету орталығы жұмысын бастады. Халықтың сұрақтарына жауап беру орнының жұмысы бір тәуліктің ішінде ұйымдстырылды.

Айта кетейік, 12-ші сәуірден 13-ші сәуірге қараған түні облыста карантин жарияланады. Енді тұрғындар өз сұрақтары бойынша 109 бірыңғай қызмет көрсету орталығынан бөлек, 8(7182) 65 04 02 нөміріне де хабарласа алады.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтың хабарлауынша, жедел әрекет ету орталығы жұмыс істеуге дайын.

Қазіргі уақытта аздаған техникалық мәселелер бар. Олардың барлығы шешімін табады. Тұрғындар әлеуметтік сала, коммуналдық-тұрғын үй салалары бойынша сұрақтарын тікелей қоя алады. Бұл іске 80-ге жуық жауапты маман жұмылдырылады, - дейді Сәкен Шаяхметов.

Карантин аясында облыстағы қызмет көрсету нысандарының жұмысы толық тоқтатылады. Осыған байланысты 20 мыңға жуық азамат уақытша жұмыссыз қалады. Ал білім беру мекемелері қашықтықтан жұмыс режиміне көшіріледі.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, мектептер мен балабақшалардың қызметкерлерін мәжбүрлі демалысқа шуғару қарастырылмаған.

Бұған дейін балабақшалар штатты режимде жұмыс істеді. Балалардың 23%-і ғана баратын, бұл - 8 мыңға жуық бүлдіршін. Енді жұмыс толық тоқтайды. Өңірде 394 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Карантин мерзімінде мамандардың барлығының жалақысы сақталады, - дейді Дінислам Болатханұлы.
Өзгелердің жаңалығы