Павлодар облысында жазғы лагерьлер жұмысын бастады

7 Маусым 2019, 09:11
2473
Бөлісу:
Павлодар облысында жазғы лагерьлер жұмысын бастады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қала сыртындағы лагерьлер жұмыстарын бастады. Алғашқы демалушыларын қабылдағандардың қатарында «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы бар. 

Павлодар қалалық білім беру бөлімі өкілдерінің хабарлауынша, бұл жазғы лагерьдің «Сәбидің күлкісі - әлемнің сыңғыры» атты жетінші ауысымы.   

«Басты мақсат – балаларды сауықтырумен қатар, жазғы каникулдарын белсенді және танымдық тұрғыдан қызықты өткізуге атсалысу. Алғашқы 10 күннің ішінде облыс орталығындағы 10 мектептің 120 оқушысы демалып қайтады. Олардың қатарында ата-ана қамқорлығынан айырылған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары бар. Жетім оқушылар тегін демала алады. Ал әлеуметтік әлжуаз топтағы ұл-қыздар үшін 80%-дық жеңілдік қарастырылған. Яғни, жолдама 2200 теңгені құрайды», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Азамат Айтхалин.   

Сауықтыру орталығында балалар бес реттік тамақтанумен қамтылған. Демалыс барысында тұз шахтасы, оттегі коктейльдері, ультрадыбыстық ингалятор, биопртон және фито-шай сынды сауықтыру шаралары қарастырылған. Екіқабатты кешен аудио-бейне және телеқұралдар, компьютерлік және тұрмыстық техникамен жабдықталған.   

Жалпы, маусым-тамыз айлары ішінде қала сыртындағы лагерь 720 баланы қабылдайды деп күтілуде.   

Айта кетейік, осы жазда 98 мыңнан астам оқушы демалыспен қамтылады. Олар үшін демалыстың барлық түрлері ұйымдастырылады. Бұл игілікке облыстық және жергілікті бюджеттен 375 млн теңге бөлінсе, демеушілер тарапынан 150 млн теңге және кәсіподақтар тарапынан 32,8 млн теңге қарастырылған.   

Жазғы науқан барысында облыстық түкпір-түкпірінде түрлі бағыттағы 758 лагерь жұмыс істейді. Жазғы кезеңде 324 мектепалды лагерь ашылып, 49 мың оқушы тынығады. Ал 387 салалық лагерь 40 мың баланы қамтымақ.          

Өзгелердің жаңалығы