Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыстық полиция департаменті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер туралы еске салды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Егер бұрын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тыныштық уақыты сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін белгіленсе және жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбесе, ҚР ӘҚБК 437-бабының жаңа өзгерісерінде тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілік сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін белгіленді. Демалыс және мереке күндері тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумағында орналасқан ойын-сауық орындары үшін тыныштық шегі сағат 23.00-ден 10.00-ге дейін белгіленген, - деді облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.Аталмыш бапты бұзу жеке тұлғалар үшін - 5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін - 20 АЕК, орта бизнес субъектілері үшін - 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін-100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
Сонымен қатар, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Айта кету керек, жыл басынан бері полицейлер тыныштықты бұзған 2131 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оларға 23 миллион теңге айыппұл салынды.