Павлодар облысының тұрғыны өгей қыздарын зорлағаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына сотталудан тек қылмысты бұрын жасағаны себепті құтылып кетті. Өйткені заңнамадағы жаза күшейтілген өзгерістер кейінірек енгізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі irbistv.kz басылымына сілтеме жасап.
Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды.
Тергеу барысында анықталғандай, өгей әке 2015 жылдан 2017 жылға дейін өз үйіндегі төрт қызды – 2001, 2003, 2006 және 2010 жылы туған қыздарды – мас күйінде зорлаған. Бүгін судья әрбір эпизод бойынша оның кінәсі дәлелденгенін мәлімдеді.

ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлімі (2017 жылғы 11 шілдедегі редакция) бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, – деп үкімді оқыды Павлодар облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев.
Ер адам 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Сол кезде ол екі қызға қатысты кінәсін мойындаған, алайда сотта бәрін жоққа шығаруға тырысқан. Үкім жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ сараптама қорытындылары негізінде шығарылды. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сәтбаев қаласында белгісіз ер адамның қыз зорламақ болғаны туралы хабарланған болатын. Кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасаған күдікті ұсталып, кінәсін мойындады.