Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде офтальмологиялық қызмет деңгейі айтарлықтай артады. Облыс орталығында көз ауруларын емдеу мен диагностикалауға арналған заманауи мекеме ашылды. Енді павлодарлықтар Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалаларына бармай-ақ, сапалы қызметке жүгіне алады.
Жаңа емдеу мекемесі «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бой көтерді. Мамандар қауымы бұған дейін жалдамалы мекемеде жұмыс істеген. Енді үш қабатты жаңа ғимаратқа орналасты. Мемлекеттің бағдарлама бойынша 2013 млн теңге бөлінген.
Сала мамандарының айтуынша, соңғы кездері көз аурулары жасарып барады. Мәселен бүгінгі таңда медициналық көмекке жүгінетіндердің 30%-ы балалар.
Көз аурулары туа біткен емес, бара-бара пайда болған. Мәселен жақыннан көру қабілеті нашарлағандардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Гаджеттер, компьютерді қолдану көз жанарына кері әсерін тигізіп жатыр. Көздің құрылымы - күрделі ағза. Сол гаджеттердің сәулелері көзге әсер еткен сайын жанардың құрылымы өзгере бастайды. Бұлшықеттерінің жұмысы нашарлай бастайды, - дейді лазерлік хирург Дәурен Жүнісов.
Клиникада диагностикалық кешен жұмыс істейді. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың жұмысы жасақталған. Ал алдағы айда көзді лазерлік коррекциялау қызметі іске қосылады.
Емдеу мекемесінің бас дәрігері Айжан Ахмерованың мәліметінше, бұған дейін бір жылда 2,5 пациент ем қабылдаған. Жаңа кешен жұмысын бастаған соң олардың қатары екі есеге көбеймек. Науқастардың барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында емделе алады.