Павлодар облысында мұз сарайының құрылысы кейінгіге қалдырылды

4 Сәуір 2023, 17:19
848
Бөлісу:
Павлодар облысында мұз сарайының құрылысы кейінгіге қалдырылды
Фото: sxodim.com

Ақсу қаласында өткен жылы қолданысқа берілуі тиіс мұз сарайының құрылысы кешеуілдеп жатыр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Еске сала кетсек, мұз сарайы өткен жылы ашылуы тиіс еді. Құрылыс материалдарының бағасы қымбаттап кеткендіктен, мердігер ұйым райынан қайтқан. Салдарынан жоба аяқталмай қалды. Нысан ішінде сырғанақ, жаттығу залы, әкімшілік орындар мен 100 орындық зал болуы керек еді. Сондықтан ақсулық хоккейшілер Павлодарға келіп, жаттығуға мәжбүр.

Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, құжаттар түзетуге жіберілді. Десе де, жаңа спорт нысанын салу шешімі нақты қабылданды.

Жоба қайта жасалады, қайта есептеледі. Сонымен қатар конкурс қайта жарияланды. Биыл құрылыстың бірінші кезеңіне қаражат бөлінді. Үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Жоба екі жылға шақталған. 2024 жылы аяқталуы тиіс, - дейді Нұрлан Есембаев.

Облыс орталығында «Астана» мұз сарайы жұмыс істейді. Екі жыл бұрын объектінің шатыры күрделі жөндеуден өткен. Ендігі мәселе – тоңазытқыш құрылғысының тозуында.

Тоңазытқыш құрылғысы 20 жыл қатарынан тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Жағдайымыз келгенше жөнделіп жатыр. Оны алмастыру үшін бюджеттік өтініш әзірленіп жатыр. Жөндеуге 50 млн теңге қажет, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кетейік, алдағы уақытта өңірде демеушілер есебінен Екібастұз және Павлодар қалаларында заманауи мұз сарайлары бой көтереді.

Өзгелердің жаңалығы