Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олар Екібастұз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының аумағында құрамында 10 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Әр топ мүшесі белгілі жұмысты атқарған, яғни өзіндік рөлі болған: бірі - ұрылар, екіншісі - сатушылар, қажетті құжаттарды жинағандар мен ветеринарлар да бар. Қазіргі уақытта қылмыстық топқа бірқатар мал ұрлығы мен оны сату бойынша айып тағылды, - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Полиция күдіктілердің Екібастұз қаласында ұсталғанын атап өтті. Тексеру барысында «ВАЗ 21099» маркалы автокөліктен сиыр етінің бір ұшасы, металл электронды таразы, ал «Ауди» маркалы автокөліктен ветеринариялық анықтамалар алынды.
Қаскүнемдер келесі схема бойынша әрекет еткен: аптасына бір рет, демалыс күндеріне қарай Екібастұз ауылдық аймақтарының ірі шаруа қожалықтарының бірінен екі бас ірі қара малды ұрлап, демалыс күндері қала базарларында және үйде ет өнімдерін сатқан. Күдіктілердің бұрын ет өнімдерін сатумен айналысқаны анықталды, тұрақты клиенттері болған, сондықтан олардың етті өткізуі сатып алушылар тарапынан күдік тудырмаған, - деді Нұрлан Мәсімов.
Қазақстан Республикасы ҚК 188-1-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеу шеңберінде күдіктілердің ұқсас қылмыстар жасауға қатыстылығы анықталады.