Павлодар облысында көптен күткен жол мәселесі шешімін табады

28 Қараша 2022, 14:29
1834
Бөлісу:
Павлодар облысында көптен күткен жол мәселесі шешімін табады
Фото: автордан

Ертіс өңіріндегі Баянауыл және Май аудандарының арасын жақындататын жол құрылысы басталды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Баянауыл ауданының Лекер және Май ауданының  Ақшиман ауылдарының арасы бұдан былай жақындай түседі. Жобаның құны 3 млрд теңгеден асады.

Қазіргі уақытта 35 шақырымдық жол құрылысы қызу жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін 180 млн  теңге игерілуі тиіс. Бұл қаржы екі шақырымдық жол жабындысын жаңартуға жетеді. 

Бұл аумақты қыста қар басып қалса, көктемгі су тасқыны кезінде батпаққа айналып кетеді. Сондықтан,  жөнде ужұмыстары күрделі. Бұл жоба қос ауданның баяғы мәселесін шешіп береді. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша халықты алаңдатқан мәселенің түйіні тарқайтын болды, - дейді Май ауданы Ақшиман ауылының әкімі Қайырғалы Бақауов. 

Көктемде су басып қалмауы үшін жолдың астына құбырлар орнатылды. Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, жергілікті аумақта гранит көп. Бұл тау жынысы жол салу кезінде қолданылады. Гранитті құрылыс орнына тасымалдауда қиындық болмайды. Себебі, кеніш жақын маңда орналасқан. 

Құрылыс жұмыстары келесі жылдың аяғына дейін жалғаспақ. Жол дәлізі тұрғындар үшін аса маңызды. Себебі, бұған дейін аудан тұрғындары 100 шақырымдық айналмалы жол арқылы қатынап жүрген. Осы жолдың арқасында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да Баянауылдың көрікті жерлеріне кедергісіз келуге мүмкіндік алады.

Өзгелердің жаңалығы