Павлодар облысында екі ауыл мектебінің балалары мәдениет үйінде оқиды

26 Тамыз 2022, 18:05
1717
Бөлісу:
Павлодар облысында екі ауыл мектебінің балалары мәдениет үйінде оқиды
Фото: Архив: BAQ.KZ

Ертіс өңіріндегі Ақсу ауылдық аймағына қарасты Сарышығанақ және Ертіс ауданының Голубовка елді мекеніндегі мектептер жаңа оқу жылына дайын болмай шықты, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Себебі, қос ауылдағы білім беру нысандарындағы жөндеу жұмыстары аяқталмай қалған. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, алдағы бірнеше айда оқушылар жергілікті мәдениет үйлерін паналайды.

Кешенді жөндеу шаралары бірінші қазанға  аяқталуы тиіс. Жұмыстардың кешеуілдеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, мемлекеттік сатып алулар кеш өткізілген. Екіншіден, бір мердігер бірнеше конкурсты жеңіп алған. Салдарынан үлгермей қалған. Мектептердің жағдайы менің және орынбасарларымыздың жеке бақылауында. Жалпы, жазғы каникул кезінде күрделі жөндеуді өткізіп аяқтау мүмкін емес. Құрылыс жұмыстарының сапасын төмендетіп алмаған жөн. Ең бастысы, ата-аналар тарапынан түсінік бар, - дейді Әбілқайыр Сқақов.

Ертіс ауданы білім беру бөлімдері өкілдерінің хабарлауынша, өлкеде алты мектепті жөндеуге 600 млн. теңге бөлінген. Аудандағы Голубовка ауылының Абай атындағы мектебі 1967 жылдан бері жөндеу көрмеген 

Ғимараттың тоз-тозы шыққан. Едені, ағаш терезелері, шатыры қирай бастаған. Осыған байланысты аязды күндері ғимарат іші суып кетеді. Ал биыл жылу құбырлары да шыдас бермеген. 200 метрлік желі шқғыл ауыстырылды. Мектепті жаңартуға 175 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта шатырды монтаждау, бірінші қабатта еден құю, төбе мен қабырғаларды тарту жұмыстары аяқталды. Екінші қабаттағы жұмыстар істеліп жатыр. Сонымен қатар, 130 терезенің 45-і ауыстырылды. Электр сымдары да ауыстырылды, - дейді мамандар. 

Мектеп 113 балаға шақталған. Мектеп басшылығы мердігер ұйымға қатысты сотқа арыз әзірлеп жатыр. Биыл өңірде 46 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Республика деңгейінде алып қарасақ, қалыпқа келтіріліп жатқан әр бесінші мектеп Павлодар облысына тиесілі. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. 

Өзгелердің жаңалығы