Ертіс өңірінде ауыл шаруашылығын дамытуға жастарға жалпы сомасы 820 млн теңге болатын 164 шағын несие бөлінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, кәсіппен айналысамын деушілерге бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған.
«Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыту курстарынан өтіп, жеке ісін бастау. Бүгінгі күні жоба аясында екі мыңнан астам азамат білімдерін молайтты. Оқу курсы қайтарымсыз грант алудағы негізгі талаптардың қатарында. Болашақ кәсіпкерлер қайтарымсыз грант алу құқығына да ие. Үстіміздегі жылы әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтарға 400-ден астам грант бөлу жоспарланған. Сараптама көрсеткендей, қолдаудың бұл түру ауылдық жерде тұратын азаматтар арасында жоғары сұранысқа ие. Жеке ісін дөңгелеткісі келетін тұрғындар ауыл шаруашылығы саласын таңдайды. Ал қалалық жерде қызмет көрсету саласы қарқын алады. Жас кәсіпкерлер де назардан тыс емес. Ауыл шаруашылығымен айналысамын дегендерге жеті жылға дейін несие үлестіріледі. Өткен жылы 172 адам кәсіпкер атанды, - дейді басқарма басшысы.
Мамандардың айтуынша, шағын несиелер ірі және ұсақ қара мал өсіру үшін алынады. Мал шаруашылығын таңдаған тұрғындар несиені жеті жылдық мерзімге едйін алу мүмкіндігіне ие. Қалаларда тұратын азаматтар қоғамдық тамақтану, баспа ісі, компьютерлік клуб, дүкен ашу, көлік жөндеу қызметтерін ұсыну салаларына басымдық беруде.
Айта кетейік, былтыр мемлекеттік қолдаудың көмегімен жеке ісін ашқысы келетін азаматтарға 464 грант үлестірілген. Кәсіпкерлердің 93-і – мүмкіндігі шектеулі жандар.