Павлодар облысында міндеттерін дұрыс орындамаған 18 ата-ана анықталды

10 Ақпан 2021, 04:33
1561
Бөлісу:
Павлодар облысында міндеттерін дұрыс орындамаған 18 ата-ана анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарлық тәртіп сақшылары ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған 18 ата-ананы анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының аумағында жасөспірімдер қылмысының алдын алу және оларға қатысты қылмыстардың жолын кесу мақсатында рейдтік шаралар барысында Екібастұз қаласында ювеналдық полиция қызметкері асырауында бірінші сынып оқушысы бар қолайсыз отбасыны анықтады. Отбасы антисанитарлық жағдайда өмір сүреді. Ересектердің проблемаларына байланысты олардың өмірін толыққанды және балаға қолайлы деп айту қиын. Ата-аналар балаларын тәрбиелеу, оқыту және күтіп-бағу үшін жағдай жасауы керек, – деді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибегүл Қамзина.
Оның сөзінше, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін оның анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жіберілді. Сонымен қатар, Екібастұзда себепсіз сабаққа бармайтын екі кәмелетке толмаған анықталды.

Полиция қызметкерлері қолайсыз отбасын тексеру кезінде Павлодар қаласындағы үйлердің бірінің кіреберісінде мас күйдегі әйел болғанын айтты. Бұл азаматшаның да асырауында кәмелетке толмаған балалары бар.

Қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жолданды. Аталған азаматша уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.

Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға оның мінез-құлқын қарау үшін материал жіберілді.

Өзгелердің жаңалығы