Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің Май ауданындағы «Қалмаққырылған» тарихи ескерткішінде кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, Май ауданы Ақшиман ауылының аумағындағы ескерткіштегі зерттеулер өткен жылы басталған. Бүгінгі күні жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде тас және қола дәуірлеріне тиесілі бірнеше ескерткіш табылды. Тарихи қызығушылық тудыратын нысандардың қатарында Шатырбұлақ тұрағы, Шатырбұлақ 2 қорымы және ерте та сдәуірінің Бұзауқора қонысы бар.
«Қалмаққырылған жерлеу кешенінде аумағы 400 шаршы метрден асатын жердің беті аршылды. Қоршау квадрат тектес блоктардан құралған. Ал ортасында ірі плиталардан жасақталған тас жәшік бар. Төртбұрышты жәшіктің айналасында ұсақ тастар жинақталған. Сонымен қатар, тас кетпендер, жерлеу орны мен жануарлардың сүйектері табылды. Қазіргі уақытта тас жәшкіті ашпақпыз», - дейді зерттеу тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц.
Табылған еңбек құралдары сол заман адамдарының егін шаруашылығымен айналысқанын айғақтайды. Ал ашық сұр түсті яшма тәрізді тау жынысы Атбасар типіндегі индустрия түрінде көрініс тапқан, материаллар ерте неолит және мезолит дәуіріндегі жәдігерлерге ұқсас келеді.
«Тас дәуірінің Шатырбұлақ тұрағында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ескерткіш Ақшиман ауылынан үш шақырымдық жерде орналасқан. Шамамен 1000 шаршы метр жерді алып жатыр. Тұрақтың жанында бұлақ та бар. Бір сөзбен айтқанда, біз неолит-энолит кезеңіне жататын материалдарды таптық», - дейді ғалымдар.
Археологиялық барлау барысында жүздеген жаңа нысан мен жәдігерлер табылды. Артефактілер бойынша арнайы реестр жасалып жатыр. Биылғы жылғы зерттеулердің жаңалығы - тастағы суреттер мен қызыл жосамен салынған петроглифтердің табылуында. Яғни, Қазақстанның археологиялық картасында тас жазбаларының бірнеше нысаны пайда болмақ.
Бүгінде жаңа жазбаларды зерттеу мақсатында тас өнерінің мамандары шақырылды. Олардың көмегімен ескерткіштердің құпиясы ашылмақ.Айта кетейік, «Қалмаққырылған» жерінің қазақ тарихындағы орны да ерекше. Бұл жерде 18-ші ғасырда қазақ-қалмақ соғысы болған. Тарихи деректерге сүйенсек, өз замамының танымал батырлары Жасыбай, Олжабай, Малайсары, Баян, Едіге, Шоқпар жау әскерлеріне тойтарыс берген шешуші шайқас болған. Бұл - 1723 жылы болған оқиға.