Павлодар облысында 44 ауыл әкімі сайланады

25 Шілде 2021, 09:21
1926
Бөлісу:
Павлодар облысында 44 ауыл әкімі сайланады
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде бүгін 44 ауылдық деңгейдегі әкім сайланады. Таңғы жетіде 139 елді мекенде орналасқан сайлау учаскесі ашылды. 

Облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, аймақта 52 мыңнан астам дауыс беруші бар. 

Саяси науқан барысында 168 азамат ауыл әкімі болуға ниет білдіріп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз міндеттерін орындады. Олардың орташа жасы - 44. Басым бөлігі педагогика, инженерия және мемлекеттік қызмет саласындағы мамандар болып шықты. Олардың 74-і қазіргі уақытта мемлекеттік басқару саласында еңбек етіп жүрген азаматтар, - дейді мамандар. 
Павлодар қаласының іргесіндегі Кенжекөл ауылында ең ірі сайлау учаскесінің бірі орналасқан. Қазіргі уақытта науқан қандай да бір заңбұзушылықтарсыз өтіп жатыр. 
Комиссия мүшелері мен бақылаушылар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауға баса назар аударып жатыр. Дауыс берушілердің дене температурасы тексеріліп, әлеуметтік қашықтық пен беттерде режимін сақтау қатаң бақыланады. Сайлаушыларға ғимаратқа кірген бойда бетперде мен қолғап таратылады. Қолдарын тазартуға барлығы антисептикпен қамтылған. Осы сайлау учаскесі бойынша 2200-ден астам дауыс беруші тіркелген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалған. Арнайы кабина мен жәшіктер дайындалған. Комиссия мүшелері мен бақылаушылар екі сағат сайын бетперде мен қолғаптарын ауыстырып отырады, - дейді сайлау комиссиясының төрайымы Самал Қалиева. 
Айта кетейік, сайлау науқанын 140 сайлау комиссиясы бақылауда. 
Өзгелердің жаңалығы