Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында Шығыс Қазақстан облысының тұрғынынан заңсыз ауланған 350 келі балық тәркіленді, деп хабарлады Polisia.kz.
2020 жылдың 20 желтоқсанында Павлодар облысының ПД табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Май ауданындағы рейдтік іс-шаралар барысында Қаратерек ауылының жанындағы «Ленин-Курчатов» автожолында «УАЗ» автокөлігін тоқтатқан.
Көлікті Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны айдап келе жатқан. Тексеру кезінде автокөлік салонынан тиісті құжаттары жоқ ірі көлемдегі мөңке балық пен тор табылды. Көлік жүргізушісінен жалпы салмағы 350 келі балық, сондай-ақ ұзындығы 100 метр қытайлық тор тәркіленді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабының 3-бөлігімен (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Айта кетейік, жыл басынан бері табиғатты қорғау полицейлері 518 келі заңсыз ауланған балықты тәркіледі. Тәркіленген балық сот шешімі бойынша Павлодар облысының аумақтық инспекциясына табысталды.