Павлодар облысында жыл басынан бері 23 мыңнан астам азамат жұмысқа тартылды. Бұл – жылдық жоспардың 86%-ы, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Мамандардың айтуынша, жұмыс орындарының басым бөлігі тұрақты сипатқа ие.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» индикаторы бойынша жұмыстар 80%-ға орындалып, алты мыңнан астам еңбек орны құрылды.
Ал бос жұмыс орындарына орналастыру көрсеткіші бойынша сегіз мыңнан астам азамат екі қолға бір күрек тапты. Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға 1000-нан астам адам тартылды. Олардың 400-ден астамы тұрақты жұмыс орны болып шықты. Жалпы, аймақта жұмыспен қамту жөніндегі жол картасы тиісті деңгейде орындалып жатыр. Жылдық жоспарды орындауға ешқандай кедергі болмайды, - деді Альмира Дисюпова.
Қазірдің өзінде субсидияланатын жұмыс орындарына жеті мыңға жуық павлодарлық жұмысқа орналастырылды. Бұл көрсеткіш бойынша жоспар асыра орындалды.
Айта кетейік, өңірлік жұмыспен қамту картасының жоспарын орындау үстіміздегі жылғы желтоқсанның ортасына дейін аяқталуы керек. Ал келер жылға арналған жоспар қазірдің өзінде орындала бастайды.