Павлодар облысына өзге өңірлерден көшіп келгендер баспанамен қамтылды

28 Сәуір 2021, 18:48
1694
Бөлісу:
Павлодар облысына өзге өңірлерден көшіп келгендер баспанамен қамтылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріне жұмыс күші ретінде тартылған өзге аймақтардың тұрғындары баспанамен қамтылуда. Облыс орталығының іргесіндегі кезекті тұрғын үй қолданысқа берілді.

Павлодар облысына қонас аударғандардың дені - маман тапшылығы бар салаларда еңбек ететін жандар. Осы жолы 14 отбасыға пәтер кілттері табысталды.

Біз төрт ай бұрын Қызылорда облысынан көшіп келдік. Тез арада пәтерлі болатынымызды кім білген. Өте қуаныштымыз. Жолдасым - дәрігер, өзім - өнеркәсіп саласының өкілімін. Үш бөлмелі пәтердің иесі атандық. Бұған дейін інімнің үйінде тұрған едік, - дейді Нұрислам Айдаров.

Отбасылар баспаналарын бес жылдық мерзімге жалдайды. Кейін жекешелендіріп ала алады. Оларға қойылатын басты талап - сала бойынша жұмыс істеу. Қоныс аударғандарға көшу жұмыстарын атқаруға 30 АЕК көрсеткіш көлемінде субсидия қарастырылған. Бұл - әр отбасы мүшесіне 100 АЕК бөлінеді деген сөз.

Биылғы жылы Ленин кентінде 20 пәтер сатып алынды. Үш бөлмелі пәтерлер көшіп келген азаматтарға арналған. Бұл санаттағы адамдар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық иелері болуы шарт. Мәселен, медицина, педагогика салаларында еңбек етсе, осы санатқа жатады. Сонымен қатар, отбасы құрамы кем дегенде төрт адамнан тұруы керек, - дейді Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Динара Ағзамова

Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысына 105 адам көшіп келген.

 

Өзгелердің жаңалығы