Павлодар облысына 600-ге жуық қандас көшіп келеді

22 Тамыз 2022, 11:40
2991
Бөлісу:
Павлодар облысына 600-ге жуық қандас көшіп келеді
Фото: автордан

Ертіс өңіріне көші-қон бағдарламасы аясында жүздеген қандасымыз көшіп келмек. Салалық мекеменің мәліметінше, Түркіменстаннан 600-ге жуық қазақ аймаққа қоныс аударады, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі күні бірнеше отбасы Ақсу ауылдық аймағына көшіп келді. Көшті ақсақал Ескендірхан Сүйіқұловтың шаңырағы бастады. 

Біз қартайдық. Өзім 67 жастамын. Осы күнді 30 жыл бойы күттім. Атажұртымызға көшуді шештім. Әкем Қызылорда облысы Қазалы ауылында туған. Біз тағдырдың жазуымен басқа елде тұрдық. Сонда дүниеге келдім. Бізді осында жақсы қарсы алып жатыр. Үй береміз деп жатыр. Бұдан да ерте келейік деген ой болды. Бірақ, пандемия болды, өзге де кедергілер туындады. Ендігі арманым Қазақстанда бала-шағамның қызығын көру. Бір балам Атырау қаласында. Ол да көшіп келеді. қызым да отбасымен бірге келеді, - дейді Ескендірхан Сүйіқұлов. 

Ақсақалдың ұлы Тұрар Сүйіқұлов Ақсу ауылдық аймағының Үштерек елді мекеніне көшіп келді. Ауыл әкімі Аршат Халықовтың айтуынша, Тұрар мен келіншегіне жұмыс дайын.

Тұрар Сүйіқұлов мамандығы бойынша шаруа қожалығында электр дәнекерлеуші болып еңбекке тұрады. Жұбайына аспаз мамандығы ұсынылады. Бұл шаруа қожалығындағы жалақы 150 мың теңгеден басталады. Үштерек ауылында 1600-дай тұрғын бар. Халқымыз жақсы. Отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, - дейді Аршат Халықов. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілдерінің мәліметінше, мемлекеттік бағдарлама «Мықты аймақтар – мемлекет дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама бойынша облысқа 3600 адамды қабылдауға квота бөлінген. Олардың 2800-і еліміздің Оңтүстік өңірлерінен келетін болса, қалғаны – қандастар. 

Ішкі көші-қон бойынша облысқа Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары қоныс аударды. Еңбекке қабілетті халықтың 400-ге жуығы тұрақты жұмыс орнына қабылданды, - дейді мамандар.

Айта кетейік, соңғы бес жыл ішінде Павлодар облысына 2100 этникалық қазақ көшіп келсе, олардың 96%-ы өңірде тұрақтап қалды.

Өзгелердің жаңалығы