Павлодар облысы мен Алтай өңірінің іздестірушілері ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Бұдын былай «Майдан жолы» және «Ресейдің іздестіру қозғалысы» жасақтары бірлесіп жұмыс істемек, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Патриоттық бірлестіктердің халықаралық слёті Барнауыл қаласында өтті. «Жас патриоттар – Сібір күші» атты шараға Алтай, Тыва, Кемеров облысы, Алтай, Красноярск аймақтары, Омбы, Томск облыстарының белсенділерінен бөлек павлодарлық іздестірушілер де қатысты. Олардың қатарында 300-ден астам қоғамдық ұйым өкілі бас қосты.
«Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитовтың айтуынша, ауқымды шара жеті жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ал биыл алғаш рет павлодарлық іздестіру-зерттеу жасағының белсенділері шақырылып, халықаралық сипатқа ие болды.
Қос елдің іздестірушілерінің мақсаты бір, ол – Отан үшін отқа түскен батырларымызды ұмытпау, келер ұрпаққа ата-бабаларымыздың ерлігі туралы айту. Көршілес мемлекеттерде іздестіру жасақтарының қозғалысы қарқынды дамып, үлкен мектеп қалыптасқан. Біз тәжірибемен бөлісіп, ортақ жобаларды жүзеге асырамыз. Осы жолғы шара барысында отбасылық құндылықтарды сақтау бойынша пікірталастар өтті. Сонымен қатар, қатысушылар патриоттық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі туралы әңгіме өрбітті. Бір-бірімізге айтарымыз көп, - дейді Александр Шитов.
Еске сала кетейік, «Майдан жолы» жасағы 15 жыл ішінде 300-ден астам қазақ солдатының жатқан жерін тауып, сүйегін көтерді. Сонымен қатар, халықаралық іздестіру экспедциялары барысында елден жырақ жерде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне 20-ден астам ескерткіш орнатты.