Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Индустриалдық Ертіс өңіріндегі өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға кері әсерін азайту мақсатында экологтар қауымы облыс орталығының айналасына қылқанжапырақты ағаштарды отырғызу бастамасын көтерді.
Мамандардың бастамасына табиғат қорғау мекемелері де үн қосты. Мақсатқа қол жеткізу үшін қоршаған ортаны қорғау ведомствосы алғашқы акция ұйымдастырып, Шалдай орманшылығынан әкелінген 25 мың ағаш отырғызуды бастады.
Павлодар - қара және түсті металлургия, химия, мұнай-химия салалары қарқынды дамыған аймақ. Сондықтан, өндіріс алыптарының қоршаған ортаға тигізер зардабы да көп. Онкологиялық ауруларға шылдағу бойынша өңір көш басында. Өткен жылдың қорытындысы бойыша елімізде қоршаған ортаға тасталған қалдықтардың жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құраса, шамамен үштен бір бөлігі Ертіс өңірінің үлесінде екені анықталды.
«Аймақтағы өнеркәсіп нысандары қоршаған ортаға 700 мың тонна қалдық тастайды. Бұл жасыл белдеу ауаның тазаруына сеп болмақ. Біздің тарапымыздан бұл территориялардың орманға айналуы үшін барлық жағдай жасалады», - дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов.
Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының айтуынша, ағаштарға толық күтім жасалады. Суару, арамшөптерден тазалау шараларын сала мамандары жүргізеді.
«Табиғи өрттердің кесірінен орман қоры азайып барады. Сондықтан, жасыл желекті қалыпқа келтіріп отыру керек. Облыстың орман қоры және орман жапқан аумақтарды сақтау, қалыпқа келтіру үшін жыл сайын ағаштар отырғызылады. Мәселен, осы жылдың сәуір-мамыр айларында мемлекеттік орман қорындағы 30 гектарлық алқапқа екі жылдық қарағайлар отырғызылды. Сонымен қатар, облыс орталығының сыртында 1600-ге жуық пираминалды терек отырғызылды. Өсімдіктердің биіктігі екі метрден аспайды», - дейді ведомствоның маманы Аңсар Әлешов.
Айта кетер жайт, Павлодар қаласында соңғы 3-4 жылда бірнеше сквер мен саябақ оталып кетті. Олардың қатарында Ворушин орманы мен Денсаулық сквері бар. Жалпы, облыс орталығының айналасында 100 мың ағашты отырғызу көзделген.