Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов облыс орталығының басшысы Қайрат Нүкеновке қаланы қардан тазалау жұмыстарын жеткілікті деңгейде атқармағаны және жолаушы тасымалдаушылар мен халық арасындағы өзара түсіністіктің болмағаны үшін сөгіс жариялады.
Еске салсақ, кеше Павлодар автокомбинаты қоғамдық көлікпен жеңілдікпен жүретін азаматтарды тасымалдауға бас тартқан болатын. Тіпті, автобустардың ішіне хабарламалар іліп, тұрғындарға жолақыны толық төлеуге мәжбүрледі. Нәтижесінде азаматтар 40 теңгенің орнына 80 теңге төледі. Абырой болғанда, бұл іске әкімдік араласып, жағдайды тұрақтандырғандай болды. Кейін комбинат директоры Александр Панченко жеңілдіктер күшін жоймайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бүгінде қоғамдық көліктің қызметін жеті санатқа жататын павлодарлықтар қолданады. Олардың ішінде көпбалалы аналар, мүгедектер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар бар.
Шаһар басшысы қаланы қардан тазалау бойынша атқарылған жұмыстар үшін де сөз естіді.
Ауа райы жағдайы біздің жұмысқа айтарлықтай өзгерістер енгізді. Айтылған сын көп. Демалыс күндері облыс және қала бойынша жүріп, бақыладым. Павлодар қаласының орталық көшелерінде де мәселелер бар. Кеше Масленица тойланды. Орталық жағажайда аяқ алып жүру мүмкін емес. Біз Ертістің бойындағы ең ұзын жағалауымызды мақтан етеміз. Бүгінгі жағдайы осындай. Жағалауды тазалап, күтіп жүргендер жоқ, - дейді Әбілқайыр Сқақов.
Аймақ басшысы қар тазалау бойынша ескерту бір ай бұрын айтылғанмен, ешқандай өзгерістің жоқ екенін тілге тиек етті.