Пәтерсіз қалған атыраулық салымшылар шу шығарды

20 Қазан 2022, 23:55
1779
Бөлісу:
Пәтерсіз қалған атыраулық салымшылар шу шығарды

Атырауда «Жібек жолы» тұрғын-үй құрылыс кооперативіне 3 млрд теңге салған үлескерлер бүгін Атырау облыстық соты ғимаратының алдына жиналып, шу шығарды. Олар компания басшысының «үйқамаққа» жіберілгеніне қарсы, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Пәтерсіз қалған атыраулық салымшылар шу шығарды

2020 жылы «Нұрсая» ықшам ауданында құрылысы басталған «Жібек Жолы» кооперативінің тұрғын-үйіне Атыраулық 180 үлескер салым салған. Компания құрылысты екі жылда аяқтап, қолданысқа береміз деп уәде беріпті. Алайда көп ұзамай құрылыс баяулап, кейін мүлде тоқтап қалған. Нысанның дер кезінде бітетінінен күмәндаған жұрт сотқа шағымданыпты. Осыған қатысты 2021 жылдың желтоқсан айында тергеу басталып, компания басшысы Е.Сардарбеков қамауға алынған. 9 айдан кейін, яғни 10 қазанда «үйқамаққа» жіберіліпті. Ашынған тұрғындар соттың бұл шешіміне түбегейлі қарсы екендерін айтады. 

Біздер осы үйге ақша салған кезде, барлық жағдайды жасаймыз, құжаттарыңыз дұрыс деді. Соған сеніп ақша салдық біз. Кейбір адамдар осы үйді аламыз деп, өз үйлерін сатып, тапқан ақшасын бәрін сонда жинады. Қазір қаңғып жүр. Мұнда көпбалалылар, науқастар, мүгедектер де бәрі бар, - дейді салымшылардың бірі Айгүл Құспанова.

Әкімдіктегілер болса компания басшыларының қолында бұл тұрғын-үйді салуға әу баста құжаттары түгел болған жоқ дейді. Ал жергілікті билік тұрғындар тарапынан еш шағым түспегесін еш шара қолданбапты. Қазір инвесторлар тауып, құрылысты қолға алуға дайын. Алайда, оның бәрі сот шешімінен кейін белгілі болмақ.

Бұл тұрғын-үйдің құрылысын жүргізу үшін компания өкілдері жауапты мекемелерден рұқсат алмаған. Тұрғындар тарапынан кейін бізге де шағым түскен жоқ. Облыста құрылысты аяқтай алатын потенциалды инвесторлар бар. Біз әкімдік тарапынан соны қамтамасыз ете аламыз. Алайда ол үшін ең алдымен соттың шешімі шығу керек, - дейді Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов. 

Қазір баспананың шамамен 30-40 пайызы ғана дайын. Құрылысты кім жалғастыратыны сот шешімінен кейін белгілі болады. Ал пәтерден-пәтерге сабылған жұрт мәселе шешілмесе, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін барамыз деп бекініп отыр.

Өзгелердің жаңалығы