Семейде құрылыс компаниясы пәтер бағаларын негізсіз көтермек болғаны үшін ескерту алды, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Құрылыс компаниясы Instagram парақшасында сатылатын тұрғын үй бағасының өсетінін хабарлаған. Аталған жағдайға байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 198-бабының нормаларына сәйкес компанияға заңнаманы бұзудың алдын алу мақсатында ескерту жіберді.
Құрылыс саласындағы бағалардың негізсіз көтерілуі нарыққа теріс әсер етіп, белгілі бір тұтынушылар тобының құқықтарын бұзуы мүмкін. Сондықтан, біз құрылыс компаниясына ескерту жасап, заңнаманы бұзудың алдын алу шараларын қабылдадық. Әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету және халықтың құқығын қорғау негізгі міндетіміз,- деді БҚДА Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Динара Мұқаева.
Өткен жылы Департамент облыстағы нарық субьектілеріне 29 ескерту жасаған. Оның ішінде 2 құрылыс компаниясы, 1 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сататын кәсіпкер және көмір операторлары бар.
Фариза Талғатбек