Кешегі жалпыхалықтық референдумнан кейін және конституциялық өзгерістерден кейін тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда күллі әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде. Ал Қазақстан алып жер шарының бір бөлшегі ғана. Кейінгі жылдары біздің елімізге оңай болған жоқ. Дегенмен еліміз сындарлы саясат, батыл қадамдар арқылы қоғамның бірлігін, халқымыздың татулығы мен тұтастығын сақтаудың үлгісін көрсетіп отыр. Кешегі жалпыхалықтық референдумнан кейін және конституциялық өзгерістерден кейін тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Заманның ағымына сай партияның аты ғана емес, заты да өзгерді. Тұғырнамасы түбегейлі қайта жазылды, - деді AMANAT партиясының төрағасы.
Айта кеткен жөн, биыл Amanat партиясының Саяси кеңесі отырысында партияның жаңа саяси тұғырнамасының жобасы талқыланды. Осы үшін тәжірибелі саясаттанушылар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері тартылып арнайы жұмыс тобы құрылған. Құжатта ұлт, халық, мемлекет, мемлекеттік тіл, рухани болмыс ұғымдары толық қамтылған. Жиынға депутаттар, өңірлік филиалдардың атқарушы хатшылары мен өзге де партия мүшелері қатысты. Саяси кеңес отырысының қорытындысы бойынша 6 қазан күні «Аманат» партиясының кезектен тыс жиырма төртінші съезінің күн тәртібі қабылданды.