Парсы шығанағындағы тұрақсыздық: Қазақстан қандай стратегия ұстануы керек?

Иран төңірегіндегі ахуал экономикалық және қауіпсіздік факторларымен тығыз байланысты.

 ©BAQ.KZ архиві/ЖИ 10 Наурыз 2026, 12:45
10 Наурыз 2026, 12:45
848
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, Иран төңірегіндегі ахуал Қазақстан үшін тек сыртқы саясаттың мәселесі ғана емес, сонымен бірге экономикалық және қауіпсіздік факторларымен тығыз байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазіргі әлем бір-бірімен тығыз байланысқан «жаһандық ауылға» айналды. Бір мемлекетте болған оқиға екінші елге әсер етпей қоймайды. Тіпті басқа құрлықта орын алған геосаяси өзгерістердің өзі Қазақстан сияқты ашық экономикасы бар елдерге міндетті түрде ықпал етеді. Әсіресе Таяу Шығыстағы жағдай біздің өңір үшін ерекше маңызды. 

Сарапшының сөзінше, Қазақстан Иранмен Каспий теңізі арқылы шектеседі және Таяу Шығыс арқылы өтетін бірқатар маңызды экономикалық дәліздерге тәуелді. Сондықтан Парсы шығанағындағы кез келген тұрақсыздық еліміздің транзиттік мүмкіндіктеріне, энергетикалық нарықтағы жағдайға және сыртқы сауда бағыттарына әсер етуі мүмкін.

Қазіргі жаһандық экономикада барлық елдер бір-бірімен тығыз байланысты. Бір жерде туындаған шиеленіс басқа аймақтарға да ықпал етеді. Ирандағы жағдай Қазақстан үшін де маңызды, өйткені біз бұл өңірмен географиялық және экономикалық тұрғыдан жақынбыз, - дейді Айбар Олжай.

Сарапшының пікірінше, мәселенің тек экономикалық жағы ғана емес, қауіпсіздік аспектісі де бар. Қазақстан мен Иран арасындағы қашықтық шамамен мың шақырымның айналасында. Қазіргі әскери технологиялар дәуірінде мұндай арақашықтық қауіп-қатердің мүлде болмайтынын білдірмейді.

Бүгінгі күні дрондар мен зымырандар ұзақ қашықтыққа ұша алады. Сондықтан аймақтағы әскери шиеленістер әрдайым алаңдаушылық тудырады. Түркия мен Әзербайжанда болған оқиғалар мұндай қауіптердің теориялық емес екенін көрсетті, - дейді экономист.

Оның айтуынша, дәл осы себепті Қазақстан басшылығы жағдайды мұқият бақылап отыр. Қақтығыс басталған сәттен бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, мемлекеттік органдарға ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды және қажетті сақтық шараларын қабылдауды тапсырды. Кеңес мүшелері өңірдегі жағдайды тұрақты түрде талқылап, тиісті шешімдер қабылдап келеді.

Сонымен қатар Қазақстан дипломатиялық деңгейде де шиеленісті азайтуға бағытталған ұстанымды қолдап отыр. Сарапшылардың пікірінше, Астананың басты мақсаты – аймақта тұрақтылықтың сақталуына ықпал ету.

Айбар Олжайдың айтуынша, Қазақстан азаматтық нысандарға жасалған шабуылдарды айыптап, ең алдымен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне басымдық беріп келеді. Мәселен, Иран президенті Масуд Пезешкиан аймақтарға жасалған шабуылдарды тоқтату туралы мәлімдеме жасаған кезде Қазақстан бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдады.

Сарапшы мұны еліміздің қандай да бір тарапты қолдауы емес, керісінше көпвекторлы әрі прагматикалық сыртқы саясаттың көрінісі екенін атап өтеді.

Қазақстан ешқандай әскери-саяси коалицияларға қосылған жоқ және санкциялық саясатқа да қатыспайды. Сонымен бірге Иранмен дипломатиялық байланыстар сақталып отыр. Бұл – теңгерімді сыртқы саясаттың мысалы, - дейді ол.

Экономистің пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін ең тиімді стратегия – дәл осы көпвекторлы саясатты жалғастыру. Бұл тәсіл еліміздің ұлттық мүдделерін қорғауға және түрлі бағыттағы серіктестермен байланыстарды сақтауға мүмкіндік береді.

Айбар Олжайдың айтуынша, өңірдегі тұрақтылықты қолдау – халықаралық тәртіпті қолдаумен тең. Яғни кез келген мемлекет, соның ішінде Иран да, бақылаусыз әскери соққыларға ұшырамауы тиіс. Ал туындаған шиеленістердің барлығы келіссөздер мен дипломатиялық диалог арқылы шешілгені жөн.

Сарапшының пайымдауынша, дәл осындай теңгерімді саясат Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтып қана қоймай, елдің экономикалық және қауіпсіздік мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.

Наверх