Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында парламенттік реформаның келесі кезеңіне қатысты не айтты? Мұны Сенат депутаты Айгүл Қапбарова талдап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, Мемлекет басшысы бұл модельді саяси жүйені түбегейлі қайта құру емес, қазіргі жағдайға бейімдеу және заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру құралы ретінде қарастырды.
Президент бүгінгі күрделі кезеңде Парламенттің саны емес, жұмыс сапасы, кәсібилігі және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілігі шешуші рөл атқаратынын айтты. Осы тұрғыда жаңа Парламенттің мандат саны 145 депутаттан тұруы ұсынылды. Бұл көрсеткіш Парламенттің өкілдік сипатын сақтай отырып, оның жұмысын ықшам әрі нәтижелі етуге бағытталған. Сонымен қатар Парламент құрылымын оңтайландыру мақсатында комитеттер саны сегізден аспауы тиіс деген ұсыныс айтылды, - деді ол.
Айгүл Қапбарова заң қабылдаудың тәртібін өзгерту заңдардың үстірт қабылдануының алдын алатынын атады.
Президент заң шығару процесін де нақтылауды ұсынды. Атап айтқанда, заң қабылдаудың үш кезеңді тәртібін енгізу көзделіп отыр: алдымен заң жобасын тұжырымдамалық тұрғыда мақұлдау, одан кейін енгізілетін өзгерістерді қарау, соңында заңды түпкілікті қабылдау. Бұл тәсіл заңдардың үстірт қабылдануына жол бермей, әрбір норманың жан-жақты талқылануын қамтамасыз етуге бағытталған, - деді сенатор.
Сондай-ақ, Қапбарова сөзінше, Мемлекет басшысының Президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын алып тастауды ұсынуы Парламенттің халық тікелей сайлайтын орган ретіндегі рөлін күшейту үшін керек.
Президент жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталарды сақтап қалу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының пайымынша, бұл норма әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге және Парламент құрамында қоғамның әртүрлі топтарының өкілдігін сақтауға мүмкіндік береді, - деді депутат.
Айгүл Қапбарова Ұлттық құрылтайда бір палаталы Парламентке қатысты айтылған ұсыныстар заң шығарушы органның құрылымын ықшамдауға, оның жұмыс тәртібін нақтылауға және саяси жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Жалпы алғанда, Президенттің Ұлттық құрылтайдағы сөзінде бір палаталы Парламентке қатысты айтылған нормалар бұрын басталған саяси реформалардың нақтылау кезеңіне өткенін көрсететінін атады.
Мемлекет басшысы Парламенттің құрылымы мен жұмыс тәртібіне қатысты негізгі параметрлерді айқындап, заң шығарушы органның тиімділігін арттыруға бағытталған ұстанымын нақты жеткізді. Әлеуметтік квоталарды сақтау, партиялардың Парламентке өту шегін белгілеу және тағайындалатын мандаттардан бас тарту жөніндегі айтылған мәселелер Парламентті қалыптастырудың айқын әрі түсінікті тәртібін бекітуге бағытталған. Бұл тәсіл саяси реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын және олардың институционалдық негізі нақтыланып отырғанын аңғартады, - деп қорытындылады ол.