Парламенттер арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаймыз - Асанов

10 Қыркүйек 2024, 21:23
660
Бөлісу:
Парламенттер арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаймыз - Асанов
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Қазақстан мен Өзбекстан Парламенттері Палаталарының Парламентаралық ынтымақтастық комиссиясының тең төрағалары кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Парламентаралық ынтымақтастық комиссиясының тең төрағалары Жақып Асанов пен Содик Сафоев бейнеконференция арқылы кездесу өткізді.

Комиссия алдында бірінші кезекте тұрған міндеттер мен екіжақты келісімдердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуді бірлескен парламенттік бақылау тетіктеріне баса назар аударылды.

Екі ел арасындағы саяси диалогты нығайту мен тәжірибе алмасу және заңнамалық бастама көтеруде парламенттік өзара іс-қимыл шешуші рөл атқарады. Біз Парламенттер арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаймыз және одан әрі нығая түсетініне сенімдіміз, - деп атап өтті ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов.

Парламенттер арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаймыз - Асанов

Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Комиссия отырыстарын тұрақты өткізу, екі ел арасындағы тікелей байланыстарды дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға парламенттік жәрдем көрсету, Арал өңірін дамыту мәселелерін шешу, бірлескен іс-шараларды өткізу, парламенттік делегациялар алмасу туралы айтылды.

Екі елдегі Парламенттердің палаталары арасындағы ынтымақтастықтың 2025-2026 жылдарға арналған жаңа «Жол картасын» әзірлеу және қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оны жақын арада Парламенттік комиссияның кезекті отырысында қарау жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы