Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы парламентті реформалап, оны “Құрылтай” деп атауды ұсынды. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров осы бастамаларға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламентке көшу – заң шығару органының жұмысын жеделдетуге және ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қазіргі екі палаталы құрылым кей жағдайда шешім қабылдау процесін баяулатса, жаңа модель негізгі мәселелерге шоғырланып, заманауи сын-қатерлерге жедел жауап беруге мүмкіндік береді, - деп санайды Қожаназаров.
Депутат “Құрылтай” атауының таңдалуы халқымыздың тарихи дәстүрімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Бұл жай ғана атау емес, бұл – халықтың ел басқаруға қатысу идеясын білдіретін ұғым. Мұндай тәжірибе басқа елдерде де бар. Мәселен, Израильде парламент “Кнессет” деп аталады, бұл сөз “жиналыс” деген мағына береді және еврей халқының тарихи дәстүрімен байланысты. Ал Норвегияда парламент “Storting” деп аталады, ол да халық өкілдігін білдіретін тарихи мәнге ие, – деді ол.
Оның пікірінше, мұндай атау парламент халыққа жақын, ал қабылданатын заңдар түсінікті әрі өмірде қолдануға ыңғайлы болуы керектігін еске салады.
Сонымен қатар, Қожаназаров Президенттің сөзінде жаңа бір палаталы парламентте президенттік квотадан және Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасынан бас тарту көзделіп отырғаны анық айтылғанын атап өтті. Енді барлық 145 депутат бірыңғай тәртіппен сайланады. Бұл, оның айтуынша, парламенттің өкілдік сипатын күшейтіп, институттың ашықтығын арттырады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл депутаттардың квота арқылы тағайындалмай, тікелей сайлаушылар алдында жауапты болуын білдіреді. Яғни, бұл қадам тікелей халық билігі қағидатын нығайтып, заң шығару бастамаларының сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жалпы, Айдарбек Қожаназаров бұл өзгерістерді парламентті жүйелі жаңғырту деп бағалады. Оның айтуынша, реформаның нәтижесінде парламент жұмысы тиімдірек болып, азаматтар нақты нәтижелерді көре бастайды. Бұл елдегі парламентаризмді нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды кезең болмақ.
Еске салсақ, бүгінгі Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент "Құрылтай" деп аталуы мүмкін екенін атап өтіп, жаңа Парламенттің құрамы мен құрылымына қатысты жұмыс тобы талқылаған негізгі ұсыныстарды таныстырды.
Осы орайда жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы мүмкін. Белгілі болғандай, жаңа Парламент 5 жылға сайланады.
Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы елде қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған жаңа институт – Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды.