Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Наурыз мейрамы аясындағы мерекелік іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Парламент палаталарының басшылары «EXPO» халықаралық көрме орталығының аумағында орналасқан Этноауылға барды. Олар мерекелік іс-шараларға қатысушылармен әңгімелесіп, қазақ халқының ұлттық құндылықтары туралы сыр шертетін «Жеті Қазына» голографиялық көрмесін тамашалады.
Сонымен қатар Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының құнды мұралары, отандық баспалар шығарған қазақ тіліндегі әлем және төл әдебиетіміздің классикалық туындылары мен қазіргі шығармалар қойылған тақырыптық кітап экспозициясымен танысты.
Интерактивті спорт ойындары алаңында Парламент спикерлері асық ату, садақ тарту, гір көтеру, арқан тарту, ләңгі және қазақша күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатысып жүрген спортшылармен кездесті. Бұл жерде олардың назарына ЖИ-футбол, виртуалды «Air Sadaq» және цифрлық форматтағы «Асық ату» сынды жасанды интеллект енгізілген спорттық ойындар көрсетілді.
Этноауыл аумағында күні бойы елорда қонақтары мен тұрғындарына арналған түрлі интерактивті іс-шаралар, мерекелік концерттер жоспарланған. Сондай-ақ жетекші отандық өндірушілердің азық-түлік жәрмеңкесі, кітап көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Мұнда отандық дизайнерлердің Неоэтникалық стильдегі Fashion-аймағы, аниматорлары бар балалардың ойын алаңдары да қарастырылған.