Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Парламент өкілеттігі 1 шілдеде тоқтатылады – Ата заңның жаңа жобасы

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жаңа Конституция референдумда қолдау тапқан жағдайда Қазақстан Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады. Бұл мәселе Ата заңның жаңа жобасында қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін, 12 ақпанда «Egemen Qazaqstan»газетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Барлығы 96 баптан тұратын бұл құжаттың «Қорытынды және өтпелі ережелер» атты XI бөліміндегі 95-бапта ел Парламентінің өкілеттігі қашан тоқтайтыны жөнінде жазылған.

Атап айтқанда онда «1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтатады. Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс және ол екі ай ішінде өткізілуге тиіс» деп көрсетілген.

Сонымен қатар құжат жобасында көрсетілгендей, бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.

Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалуға тиіс.

Сонымен қатар 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тағайындалған Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары Конституциялық Соттың жаңа құрамы қалыптастырылғанға дейін өз өкілеттігін сақтайды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 11 ақпанда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.

Ата заңның бүгін ұсынылған жобасына сай, республикалық референдумда қолдау тапса Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады.

Өзгелердің жаңалығы