Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттар Сенаттың "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы заң жобасына енгізген түзетулерімен келісті. Осылайша, түзетулер енгізілген құжат президентке қол қоюға жіберілмек.
Парламент Сенатының депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы заң жобасына түзетулер мен толықтырулар енгізді. Бұл өзгерістерді Мәжіліс мақұлдады, - деді Мәжіліс депутаты Зауреш Аманжолова.
Сонымен қатар, ол бұл заң жобасындағы заң бұзушылықтар санаты Қылмыстық кодекстен әкімшілік бұзушылыққа ауыстырылғанын айтты.
Бұл өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті бұл заң жобасына енгізілген түзетулер мен толықтыруларды қарай келе сонымен келісуді ұсынды, - деді депутат.
Осылайша, бұл құжат қабылданған болып саналады және Мемлекет басшысына жіберіледі.
Бұған дейін ҚР Мәжілісінің бүгінгі отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі қаралып жатқанын хабарлағанбыз.