Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парижде қазақстандық музыкалық мәдениеттің озық үлгілерін паш еткен «FORTE-TRIO» ұжымына француз жұртшылығы зор қошемет көрсетті.
Шетелдік көрермендерді тамсандырған «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосының бұл концерті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған халықаралық гастрольдер аясында өтті.
Қазақстандық әртістер Париж төрінде орналасқан әйгілі Сortot залында өнер көрсетті. Ғасырға жуық тарихы бар, акустикасы ерекше бұл концерттік залды әлемдік классикалық өнердің жарық жұлдыздары ерекше бағалайды.
FORTE-TRIO концерті туралы осыдан біраз уақыт бұрын Сortot залының сайтында жарияланған афиша көрермен назарына бірден ілікті. Трионың шеберлігі қазақстандық әртістердің өнерін тамашалауды асыға күткен көрермендердің көңілінен шықты. Трио әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) отандық музыкалық өнерді жоғары деңгейде көрсете білді.
Ұлттық және әлемдік классикалық репертуардан тұратын концерттік бағдарлама талғампаз шетелдік көрерменді бірден баурап алды. Әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторларының үздік шығармалары орындалды. Трио Еуразия кеңістігінде орналасқан ұжым ретінде түрлі музыкалық бағыттарды шебер игергенін тағы да дәлелдей түсті. Ыстық ықыласын аямаған тыңдарман әртістерге зор қошемет көрсетіп, бірнеше рет биске шақырды.
Концертке арнайы шақырылған Қазақстанның Француз Республикасындағы елшісі Жан Ғалиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Бекхожин, ЮНЕСКО өкілдері концертке жоғары бағасын берді.
Қазақстан елшісі Жан Ғалиев атап өткендей, FORTE-TRIO гастрольдері екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың нығая түсуіне өз үлесін қосты.
Француз халқы осы концертте еліміздің классикалық музыка өнерінің үздік үлгілерін тамашалай алғандығын мақтан тұтамын. Бұл кеште көрермен біздің әртістерді сан мәрте биске шақырып, жібергісі келмеді. Меніңше, осындай зор ықылас – қазақстандық әртістердің өнеріне берілген нағыз жоғары баға. Еуропа төрінде тұрып жатқан барша қазақстандықтар үшін бұл ерекше мақтаныш. Осындай үлкен концерттің Тәуелсіздік мерекесі және Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны қуантады, - деді Жан Ғалиев.
Халықаралық гастрольдер аясында өткен алғашқы концерттен алған әсерімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Тимур Урманчеев те бөлісті.
Париж көрермендері бізді өте жақсы қабылдады. Біздің трио шетелдегі отандастарымыз үшін осындай мерекелік концерт өткізгеніне қуаныштымын», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Тимур Урманчеев.