Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистер Олимпиада жүлдегерлеріне медальдің сапасына байланысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Басында медаль алмай тұрғанда, басқа спортшылардың шағымын көрген болатынмын. Кейін қолға алғаннан кейін, шыны керек, сапасы нашар болды. Сырты аздап кетіп жатыр. Негізі медаль әдемі. Бокста жүргеніме қанша жыл болды. 16 жылда алған медальдарымның ішіндегі ең ерекшесі, әдемісі деп айтар едім, - деді Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбай.
Ұлттық құрама дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев медальдің сапасы нашар болса да, дизайны жақсы екенін айтты.
Парижде өзіміз ғана ұстап жүрдік. Елге оралғаннан кейін біраз адамдар ұстады. Кейін қарасам, медальдің түсі өзгеріп кетіпті. Осы қола медальдің ғана сапасы нашар деп естіп қалдық. Дегенмен дизайны жақсы жасалған. Қандай медаль болмасын, барлығы ұнап тұр бізге, - деді Ғұсман Қырғызбаев.
Айта кетейік, бүгін қала әкімі Ерболат Досаев Париж олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесіп, оларға пәтер мен көлік табыстаған еді.
Бұған дейін Ғұсман Қырғызбаев қола медаль жеңіп алғаннан кейін, шабыты ашылып, келесі олимпиадаға қатысуға дайындықты бастайтынын айтты.