Францияда құтқарушылар Париждің оңтүстік-шығысына қарай шамамен 60 шақырым жерде орналасқан Фонтенбло массивіндегі ауқымды орман өртімен күресті жалғастырып жатыр.
Жергілікті билік бұл өртті ауқымы жағынан ерекше әрі өте қауіпті деп сипаттады. Тілсіз жау 800 гектарға жуық орман алқабын шарпып үлгерді және әрі қарай таралып жатыр.
Жалынның жайылу қаупіне байланысты билік Францияның басты көлік артерияларының бірі – А6 автомагистралін ішінара жауып тастады. Сондай-ақ пойыздар қозғалысы да уақытша тоқтатылды, соның салдарынан жүздеген жолаушы Париждің Гар де Лион вокзалында жөнелтуді күтуге мәжбүр болды.
Өртті сөндіруге 400-ге жуық өртсөндіруші, екі су төгетін ұшақ, екі тікұшақ және барлау ұшағы тартылды. Қас қарайғаннан кейін авиация жұмысын тоқтатуға тура келді.
Жақын маңдағы Воудуэ ауылында 15-ке жуық үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Құтқарушылар қауіпті аймақта тұрған елді мекендерді қорғауды жалғастыруда.
Өрт Францияның 14 шілдедегі ұлттық мерекесі қарсаңында және жазғы демалыстардың алғашқы ірі демалыс күндерінде басталды. Өртке қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, Париж өңірінде өрт сөндіру үшін алғаш рет әдетте елдің оңтүстігіндегі ыстық әрі құрғақ аймақтарда жұмыс істейтін ұшақ-танкерлер жұмылдырылды.
Жағдайды толастамай тұрған аптап ыстық қиындата түсуде. Бұл – мамыр айынан бері Францияда тіркелген үшінші ыстық толқыны, бұл жаңа табиғи өрттердің шығу қаупін арттырады.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес жыл басынан бері елдегі орман өрттері шамамен 17 мың гектар аумақты жойып жібергенін хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, түпкілікті есептеулерден кейін өртенген жерлердің аумағы 25 мың гектарға жетуі мүмкін – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.